Сіздердің әрқайсыларыңыз мемлекетімізге заңдылық пен құқ тәртібін нығайту ісіне азаматтардың қауіпсіздігі мен конституциялық құқын қорғау жолында жауаптысыздар...

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев

23 маусым – кәсіби мереке "Қазақстан полициясы күні". Осыдан 25 жыл бұрын, яғни1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" заң қабылдады. Ол қазақстандық полицияның міндеттері мен функцияларын анықтаған алғашқы құқықтық құжат болды.

Ал 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 23 маусым полиция күні деп ресми түрде бекітілді.

Қазақстан полициясы күні – бұл қазақстандық полицияны құрған ардагерлер мен оның қатарында еңбек ететін қызметкерлерге алғыс білдіріп, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін бейбіт күнде өз өмірін құрбан еткен полицейлерді еске алатын күн.

Тәуелсіздік жылдарында 1000-ға жуық тәртіп сақшысы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Кейбіреуі "Даңқ" және "Айбын" ордендерінің иегері атанса, бұл марапат көпшілігіне қаза болғаннан кейін тағайындалды.

Осы атаулы датаға орай оқу залдары бөлімінде "23 маусым - Қазақстан полициясы күні"атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде М. Қызыловтың "Ішкі істер органдарының әкімшілік қызметі", "Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығы" және И. Мушкет, Е. Хохловтардың "Полицейлік құқық" атты кітаптары ұсынылды. Бұл кітаптарішкі істер органдарының әкімшілік қызметіне бағытталған және ішкі істер басқару мазмұнын тыңдаушылардың меңгеруіне, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау маңызын, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті, ішкі істер органдарының әкімшілік қызметтерінің ерекшеліктерін, полиция қызметінің құқықтық негізін, жүйесін, құрылымын және негізгі міндеттерін, сондай-ақ салалық қызметтері мен бөлімшелерінің құрылымын, нысандары мен әдістерін, азаматтарды құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге үйрету тақырыптарын қамтиды. С. Рыспаевтың "ГАИ: вчера, сегодня, завтра" атты кітап-альбомында жиырмасыншы ғасырдың басынан бастау алған Мемлекеттік автомобиль инспекциясының жүріп өткен жолдары мен оның бағыт-бағдары туралы ақпараттар мен алғашқы сәтте басшылыққа алынған кейбір құжаттардың түпнұсқалары берілген.

Сонымен қатар, көрмеде мерзімді басылымдар бетінде жарияланған өз қызметтік міндетін атқаруда адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін, халық арасында сақтық жұмысын жүргізетін, азаматтардың заңдылық пен құқық тәртібін қорғайтын білікті мамандар туралы бірқатар мақалалар да ұсынылған.

Құрметті ішкі істер органдарының ардагерлері, тәртіп сақшылары, қызметкерлері, Сіздерді "23 маусым – Қазақстан полициясы күні" мерекесімен құттықтаймыз. Қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріңізге сәттілік тілейміз. Әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атаққа абыройлы қызмет ете беріңіздер! Еліміз тыныш, халқымыз аман, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!