1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.

Қазақстанның бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау – Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз.

Осы атаулығы датаға орай, оқу залында "Бірлік, береке, бақыт" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халықтары Ассамблеясын құруы, Ассамблеяның әр сессиясында жасаған баяндамалар жинағы, бір шаңырақ астындағы халықтардың достығы мен өзара ынтымақтастығы туралы материалдар ұсынылған. "Н. Назарбаев – этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы" атты кітапта Елбасының біртұтас көпұлтты Қазақстан халқын қалыптастырудағы рөлін, Қазақстан халықтары Ассамблеясының негізін салушы екендігін өзге ұлт өкілдері атап көрсеткен. С. Құсайыновтың 2015 жылы шыққан "Қазақстан - қарашаңырағым" атты фотоальбомы Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығына арналған. Бұл фотоальбомда Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың әдет-ғұрыптары, дәстүрлері, ұлттық киімдері сипатталған. Одан бөлек, өзге ұлт өкілдерінің жалынды жырлары Б. Ысқақовтың "Менің Қазақстаным" және О. Дымовтың "Жүрегімдесің, Қазақстаным" атты кітаптарында жинақталып берілген.

Сонымен қатар, халықтар бірлігі күніне орай мерзімді басылымдар бетінде жарық көрген мақалалар да осы көрмеде ұсынылған. 26 сәуір күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен "Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім" тақырыбымен ҚХА-ның XXV сессиясы болып өтті. Сессия барысында мемлекет басшысы 2017 жылғы "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласын негізге ала отырып, ақпараттық жұмыстарға ерекше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфункциялы мультимедиялық порталын ашуды, сондай-ақ "Қазақстан халқы" интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды.

Ел иесі – қазақтың мемлекет құраушы ретінде айырықша рөлін ескере отырып жасалуға тиіс электронды карта ежелгі қазақ жерінде сан түрлі ұлт өкілдерінің ұйысу процесін көрнекі және толық көрсетіп береді. Білім және ғылым министрлігіне, ҚХА-мен бірлесіп, ғылыми негізде осы интерактивті картаны жасап, келесі жылы "Алғыс айту" күніне орай тұсауын кесуді тапсырамын, деді Елбасы.

Құрметті қауым, Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз молшылыққа,

ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін!