7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні жыл сайын бүкіл әлемде аталып өтеді. Барша халықты салауатты өмір салты мен денсаулықты жақсартуға шақыратын денсаулық күнінің тарихына келсек, бұл күнді атап өту 1948 жылдың 7 сәуірінен басталған. Жер бетіндегі барша ұлт пен ұлысқа ортақ бұл күн өз елімізде тәуелсіздік алған жылдан бері аталып келеді.

Денсаулық күнін атап өту, бұл қалың жұртты өз денсаулығына назар аударту, оның маңыздылығын, құндылығын түсіндіру, адамдардың денсаулығын сақтап қалу үшін не істеу қажет екендігін жеткізу мақсатында өткізілетін іс-шара. Жыл сайын Денсаулық күні ерекше назар аударылатын, нақты бір жаһанды проблемаға арналады. Денсаулықты сақтауға байланысты адамзат алдында өткір тұрған мәселелер көп: қоршаған ортаның ластануынан, қозғалыстың аздығынан, зиянды әдеттердің кең таралуынан туындап отырған дерттер, басқа да мәселелер бар.

Биылғы денсаулық күнінің тақырыбы – депрессия, ұраны – "Депрессия: кел, сөйлесейік". Неге бұл тақырып таңдалды? Өйткені, депрессиядан барлық жастағы адамдар, барлық халық тобы зардап шегеді. Депрессия психикалық зардап әкеліп, адамға күнделікті ең қарапайым міндеттерді орындау қабілетіне де кері әсерін тигізеді және кейде адамның жақындарымен және достарымен өзара қарым-қатынасына да, сонымен қатар адамның өзіне жұмыс істеу қабілетіне де зияны тиюі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының анықтауынша жылына депрессияға әлемде 250 миллион адам ұшырайды.

Депрессия – үнемі уайымға түсіп жүруді және әдетте қанағаттандыратын іс-әрекет түріне қызығушылықты жоғалтуды, сондай-ақ кемінде екі апта бойы күнделікті істерді орындай алмауды сипаттайтын ауру. Депрессиядан зардап шегетін адамдарда келесі белгілер байқалады: қуаттың жетіспеуі, тәбеттің төмендеуі, ұйқышылдық немесе ұйқысыздық, алаңдау, зейіннің төмендеуі, батылсыздық, мазасыздық, өзін мүсәпір, кінәлі немесе шарасыз сезіну. 

Депрессия әлеуметтік, психологиялық және биологиялық факторлардың нәтижесінде дамиды. Депрессияның даму қаупін кедейлік, жұмыссыздық, жақын адамнан айырылу немесе байланысты үзу секілді өмірдегі оқиғалар, алкогольдік ішімдік немесе нашақорлықтың салдарынан туындаған ауру және қиындықтар асқынтады. Сондай-ақ, депрессияны емдемесе адамның жұмыс істеуіне және отбасы мен қоғам өміріне араласуына кедергі келтіруі мүмкін. 

Осы денсаулық күніне орай, кітапханамызда "Мықты денсаулық – нағыз байлық" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде медицина, спорт салаларына қатысты кітаптар мен мерзімді басылымдар бетінде жарияланған мақалалар ұсынылды. Бұл материалдар салауатты өмір салтын ұстануға, күйзеліспен күресуге жол сілтейді.

Құрметті оқырмандар, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды кітаптан табайық.