Қыздарым, қызғалдағым, қызыл гүлім,

Өздеріңе арнаймыз жүрек жырын.

Жетелеп асқақ арман алға қарай,

Қуанышқа бөлесін әрбір күнің.

(Р. Сәтімбеков)

Наурыз келіп, жер бетінде көктем лебі сезіле бастағандай. Ағаштар бүр жарып, бәйшешек бой көтеріп, айнала жұпар иістерге бөленетін мезгіл. Күн нұрындай шуақты, кілті болған жұмақтың ардақты ана, асыл жар, аяулы қыздарымыздың төл мерекесі  8 наурыз мейрамы да осы мезгілде.

Ана – бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Өмір деп аталатын тіршілікке жарық беріп, сәнін кіргізетін әйел. Айналасына жылуын сыйлап, барша әдеміліктің символы болатын да ана. Әкеге – сүйкімді қыз, ағаға – аяулы қарындас, отағасына – асыл жар, балаға – ардақты ана бола білетін бір ғана жан ол – әйел. Осы барлық құрметке лайық жандардың мерекесі қарсаңында, кітапханада "Әйел – отбасының да, отанның да ұйытқысы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде тарих бетінде өзіндік орны бар батыр қыздарымыз, барлық адамға үлгі боларлықтай ақылдылығымен ел аузында қалған аналарымыз, аяулы жар, сұлу бикеш, ұлы махаббат иесіне айналған арулар туралы кітаптар мен мерзімді басылымдар бетіндегі мақалалар ұсынылған.

Құрметті оқырмандар, аналарымызды ардақтап, аруларымызды аялайық. Шаттықтың нұры, өмірдің гүлі болған аруларымызды шын жүректен мерекелерімен құттықтаймыз!