31 қаңтар күні Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты халыққа Жолдауы жарияланды.

Биылғы Жолдауда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарламалар ұсынылған. Жолдау барысында негізгі 5 басымдық көрсетілген. Олар: "Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы", "Бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту", "Макроэкономикалық тұрақтылық", "Адами капитал сапасын жақсарту", "Институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қарсы". Сонымен қоса, ел алдына цифрлық технологияны қолдау арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету, жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамыту, еңбек нарығын жаңғырту сияқты маңызды 3 міндет қойылған. Елбасы Жолдауы еліміздің өркендеп, дамуына жол ашатын бірден-бір жол. Онымен әрбір қазақстандық азамат танысып, ой талқысынан өткізуі тиіс.

Жолдауда көтерілген негізгі мәселелерді оқырман қауымға таныстыру мақсатында оқу залында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме үш бөлімнен тұрады. Бірінші "Экономика. Бизнес. Қаржы" атты бөлімінде Қазақстанның экономикасының, өнеркәсібінің даму барысы, жеткен жетістіктері мен қаржы айналымы жайлы мәлімет беретін кітаптар ұсынылған. С. Глазьев, О. Сәбден, А. Арменский және Е. Наумановтың бірлесіп шығарған "Интеллектуалды экономика – XXI ғасырдың технологиялық жаңғыруы" монографиясында ғаламдық экономиканың заманауи даму үдерістерінің тұтас көрінісі, оның технологиялық, макроэкономикалық және басқарушылық аспектілері, Қазақстанда адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторлары жайлы ақпараттар берілген. ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында "Кәсіпкерлікті қолдау құралы" атты кітап жарық көрген. Бұл кітапта кәсіпкерлікті дамыту, экспорт және шетелдік инвестицияларды экономиканың басым секторларына айналдыру, жұмыспен қамту жоспарлары берілген.

"Білім. Денсаулық сақтау. Әлеуметтік қамтамасыз ету" деп аталатын екінші бөлімге еліміздің білім мен ғылым, денсаулық сақтау салаларының даму қарқыны мен одан әрі жетілдіру мәселелері қамтылған материалдар ұсынылған. Медицина саласында елімізде бүгінгі таңда қалыптасқан жағдайларды талдау жолдары "Әлеуметтік медицина және денсаулық сақтауды басқару" атты кітапта сараланған. Нарықтық экономикаға ауысу жүйесі негізінде күрделі мәселелерді шешу үшін халық денсаулығын қорғаудың негізгі принциптері мен ұйымдастыру түрлерін қарастыратын арнайы бағдарлама жұмыстарын осы кітаптан таба аласыздар.

Үшінші бөлім "Қауіпсіздік басымдықтары" деп аталады. Қазіргі кезде әлемде әртүрлі діни ағымдар, террорлық әрекеттердің және жемқорлықтың кең етек жайған кезі. Бүгінгі таңда осы жағдайларды тоқтату, алдын алу мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілуде. "Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы" атты кітап діни экстремизмнің алдын алуды, Ислам мен лаңкестіктің бір-біріне мүлдем жат ұғым екенін, оны басқа ағымдардан ара-жігін ажыра білу керектігін баян етеді. "Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қазіргі таңдағы өзекті проблемалары" кітабы арқылы сыбайлас жемқорлықпен күреске бүкіл қоғамның ат салысуы, оның жалпы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін қасірет екендігін барша жұртшылық білуі керектігін жеткізеді.

Сонымен қатар, көрмеден мерзімді басылымдар бетінде жариялан Елбасының жолдауын, осы тақырыптарға қатысты басқа да мақалаларды таба аласыздар.

Құрметті оқырмандар, жыл сайын халқына жолдаған Елбасының Жолдауымен танысып, алға қойылған мақсат-міндеттерімізді біліп, саясаттан хабардар болғыларыңыз келсе біздің кітапханамызға келіңіздер!