2017 жылдың 12 қаңтарында көрнекі қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техникалық ғылымдардың докторы, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері - Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 105 жыл толады.

Дінмұхамед Ахметұлы отыз жылдам астам уақыт ел басқарған. Ол 24 жыл Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, алты жылдан астам уақыт ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған. Басшылық атқарып жүрген кезде өнеркәсіп, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығының да дамуына ат салысқан. Әлеуметтік және экономикалық салаларымен қатар, ғылым, денсаулық, спорт және мәдениет аяларын назардан тыс қалдырмай, оларды дамыту мақсатында зор еңбек сіңірген. Кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 42 қала салғызды. Қаладағы сәулет өнерінің ең озық үлгілерімен салынған Республика сарайы, «Қазақстан» және «Алатау» қонақүйлері, «Арасан» сауықтыру орны, Орталық стадион, Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайы, «Медеу» спорт кешені, Көктөбедегі биік телемұнара-керемет ғимараттар. Дінмұхамед Ахметұлының басшылығымен салынған мәдениет ошақтары да аз емес. Жазушылар одағының үйі, М.Әуезов атындағы драма театры, Ұлттық кітапхана, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы, Орталық Мемлекеттік мұражай, Цирк үйі тағы да басқа сәулетті құрылыстар сап түзеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің бір сұхбатында «Д. Қонаев Қазақстан тарихында ірі тұлға болып қалары даусыз» - деген. Шынымен де Дінмұхамед Ахметұлы тарихымыздан ерекше орнын алып, келер ұрпаққа өз мұрасын қалдырған.

Осыған байланысты кітапханамыздың оқу залы бөлімінде «Қазақстан тарихындағы дара тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Д.Қонаевтың өз қаламынан туған және ол туралы өзге авторлардың жазған шығармалары қойылды.

Дінмұхамед Қонаев саяси жазушылықпен де айналысқан. Оның қаламынан 100-ден аса ғылыми туындылар шыққан. «Советтік Қазақстан», «Өтті дәурен осылай», «От Сталина до Горбачева» атты еңбектері көрмеде ұсынылған. Соның ішінде «Өтті дәурен осылай = О моем времени» атты естелік кітабында өзінің балалық шағы мен отбасы туралы, оқу жылдары мен еңбек жолдары туралы әңгімелейді.

Д.А. Қонаевтың 1949 жылы жарық көрген «Разработка коунрадского месторождения медных руд» кітабында, өзінің Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішінде, Кеңес үкіметінің ең ірі өнеркәсібіндегі алғашқы еңбек жолы туралы мәліметтер қамтылған. Бұл кітап сирек кітаптар қорында сақтаулы.

Д.А. Қонаевтың 100 жылдығына арнап шығарылған, аса құнды «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» атты фотоальбом кітапханамыздың сирек кітаптар қорынан алынған. Бұл кітапта Дінмұхамед Ахметұлының жастық шағынан бастап, ел басқару сәттерінде түскен суреттері қамтылған. Және соған байланысты қысқаша үш тілде анықтама берілген. Сонымен қоса, фотоальбомнан отбасының, жолдастарының, ол кісінің атына берілген наградалар мен ескерткіштердің, өзі салдырған ғимараттардың суретін көре аласыздар.

Ұлы Отан соғысының ардагері И.Дабаевтың «XX век: портреты выдающихся деятелей» атты кітабына Д. Ахметұлы туралы естелігін кіргізген. Ол кісімен кездесу сәтін, өз ісіне деген табандылығын «Димаш аға – қимас аға» естелігі арқылы оқырманға жеткізген.

Сонымен қатар,мерзімді басылымдар бетінде жарияланған мақалалар мен«Аңыз адам», «Мәдени мұра» журналдарының Д.А. Қонаевқа арналған саны осы көрмеден орын алады.

Халқымыздың біртуар перзенті, есімі дүние жүзіне мәшһүр болған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев жайлы, оның еңбек жолдары туралы білгісі келетін барлық қауымға осы көрменің берері мол.