Негізгі  қорларды сақтау бөлімі кітапхананың құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Бөлімнің негізгі міндеті – кітапхана қорын мәдени және ақпараттық мұраның бір бөлігі ретінде сақтау. Бұл міндетті жүзеге асыруда бөлімнің негізгі қызметі анықталып, қорды сақтауға қажетті жағдай жасау жұмыстары ұдайы жүргізілуде.

Бөлім қызметкерлері оқырмандардың ақпараттық сұраныстарына сай кітапханалық- библиографиялық қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету абонемент және оқу залы арқылы, оқырмандардың сұраныс – талаптарына сәйкес қажетті әдебиеттерді жедел түрде жеткізу негізінде жүргізіледі.

Бөлімде мазмұны жағынан әмбебап кітапхана қорының негізгі бөлігі орналасқан. Бүгінгі таңда бөлімдегі қордың көлемі 300 000 данадан астам. Оның ішінде 200 000-ға жуық данасы кітап қоры болса, 100 000 данасы мерзімді басылымдар.

Негізгі қорларды сақтау бөлімінде көптеген көлемді құжаттар жинақталған, олардың көп бөлігі бүгінгі таңда тарихқа айналып, облыс бойынша тек біздің кітапханада сақталған. Олардың ішінде Кеңес Одағы кезіндегі анықтамалық әдебиеттер, сол уақыттағы саяси құжаттар, саяси және мемлекеттік қайраткерлердің еңбектері мен КСРО-ның орталық мерзімді басылымдар мұрағатын атап өтуге болады.

 Газеттер:

  • "Правда" газеті 1937 жылдан,
  • "Известия" - 1940 жылдан,
  • "Индустриальная Караганда" газеті – 1939 жылдан,
  • "Орталық Қазақстан" - 1949 жылдан бастап сақталуда.

Журналдар:

  • "Большевик Казахстана" журналы – 1933 жылдан,
  • "Народное хозяйство Казахстана" - 1928 жылдан,
  • "Библиотекарь" журналы – 1946 жылдан бастап сақталуда. Бұл  журналдың 1936 жылы шыққан бірнеше сандары  және 1940 жылы шыққан бір нөмірі сақталған (ол уақытта  – "Красный библиотекарь" деген атаумен  басылған).

Кеңес үкіметі кезінде жарық көрген анықтамалық әдебиеттердің ішінде "Үлкен Совет Энциклопедиясының" үш басылымын ерекше атап өтуге болады.

  • 1-ші басылымы - 65 томдық  (1926 жылдан -1931 жылға дейін басылып шыққан),
  • 2-ші басылымы – 51 томдық  (1949 жылдан– 1958 жылдар аралығы).
  • 3-ші басылымы – 30 томдық  (1969 жылдан – 1978 жылдар аралығы).

Сонымен қатар, бөлімде КСРО кезінде басылып шыққан теңдесі жоқ жалғыз басылым - 12-томдық "Қазақ Совет Энциклопедиясының" толық жинағы сақталған (1969 – 1978 ж.ж.).

Кітапхананың негізгі қорларды сақтау бөлімінде "Сирек және құнды кітаптар қоры" ұйымдастырылған. Онда XVIII, XIX ғасырларда шыққан және  XX-XXI ғасырлардың баға жетпес мәдени мұралары жинақталған.

Бөлім басшысы: Аманбекова Меруерт Адилбековна

Бөлiм тарихы

Дереккөз: Қарағандыдағы алғашқы кітапхана. 1934-2009

Бұл кітапхананың дұрыс жұмыс жасау үшін маңызды және қажетті бөлімдерінің бірі 1968 жылы желтоқсан айында ұйымдастырылған. Бөлімді ашар алдында оның міндеті мен жұмыс аясын анықтау, бөлімнің қорын жинақтау, басқа бөлімдермен өзара әрекеттестігін анықтау туралы нормативтік құжаттар мен нұсқаулар даярланды. Бөлімнің алғашқы меңгерушісі болып Л.П.Коваленко тағайындалды. Жаңа бөлімге кітапханадағы барлық қорларды ұйымдастыру және оның есебін жүргізу, кітапхана қорының сақталуын бақылау, сапалы құжаттар қорының болуын қамтамасыз ету және негізгі қорды сақтау, оны пайдаланушыларға босату міндеттері жүктелді.

Бөлімнің алғашқы қызметкерлері индикаторлардың есепті каталогын құруда, "Кітапхана – қызмет көрсету бөлімі – кітап қорын сақтау бөлімі" технологиялық жүйесін құру барысында көп жұмыс жасады. Сұранысты 20 минутта орындау туралы нұсқау жасалды. Типографияға тапсырыс беру арқылы кітаптар мен мерзімді басылымдарға талап бланкілері даярланды.

Тек осы бөлімде негізгі кітап байлықтары  – сирек кездесетін кітаптар қоры , 50 жылдан астам мерзімдегі мерзімді басылымдар қоры бар. Мұнда 240 мыңнан астам құжаттар жинақталған, оның ішінде кітаптар – 170 мың дана, газет-журналдар тігіндісі – 70000 астам. Қорда құжаттардың үлкен үйіндісі бар, олардың көптеген бөлігі бүгінгі күні тек біздің кітапханада сақталған. Олар КОКП-ның съездері мен конференцияларының материалдары, Кеңес Өкіметінің декреттері, партия мен Үкіметтің шаруашылық мәселелері туралы шешімдері, КСРО Жоғарғы Кеңесі мәжілістерінің 1929 жылдан бергі стенографиялық есебі, кеңестік және шетел саяси және мемлекеттік қайраткерлерінің еңбектері, Қазақстан КП-ның тарихы туралы құжаттар. КСРО және ҚазКСР ғылым Академиясының еңбектері, т.б. Бөлім қорында Қазақ Совет энциклопедиясының кеңес кезінде қазақ тілінде шыққан алғашқы және жалғыз данасы сақталған, және Үлкен Совет энциклопедиясының 1-ші басылымы 65 томдық (1926-1931) және  2-ші басылымы 51 томдық (1949-1958) жинақтары бар. Осы көк томдар арқылы елдегі саяси оқиғаларды байқауға болады. Мысалы: энциклопедияның алғашқы басылымында азамат соғысының батыры Қызыл Ту орденінің алғашқы иегері В.К.Блюхер туралы өмірбаяндық очерк енгізілген болса, 2-ші басылымында ол енгізілмеген, өйткені ол 1937 жылы қудаланған. Сталиннің жеке адамға табынушылығы әшкереленгеннен кейін Сталиннің еңбектері мен қатар Берия, Вышинский туралы материалдарды кітапхана қорынан алып тастау туралы арнаулы нұсқау болды. Сондықтан кітапханашылар энциклопедиядан осы адамдардың өмірі туралы материалдарды қиып алды. ҮСЭ 2-ші басылымы көптеген беттері қиылған қалпында сақтаулы. Тағы бір мысал: Қысқаша әдеби энциклопедияның1929 жылы шыққан 1-ші басылымына қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдері А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың есімдері енгізілген. Сонымен қатар олар ұлттық-буржуазиялық "Алаш" қозғалысының мүшелері деп көрсетілген. Тіпті Кеңес Өкіметі олардың  "Алаш" қозғалысының лидерлері ретіндегі іс-әрекеттерін большевиктерге қарсы деп көрсеткен. Осыған қарамастан олардың есімдері көздері тірі кезінде-ақ энциклопедияға енгізілді. Бұл олардың соншалықты айтулы тұлға екендіктерінің айғағы. Кейіннен олар туралы қандайда еске алушылыққа тиым салынып, энциклопедия беттерінен, оқулықтар мен монографиялардан алынып тасталды. Олар тек халықтың есінде сақталды.

Бөлімде әрбір беттерінен тарих бас көтеретін басылымдар бар. Сонымен қатар қорда көп даналы, сирек сұралатын, бір данадан тұратын, моральдық тозған  басылымдар және "бақылау даналары" жинақталған. 60-80 жылдары шет елге кеткен жазушылардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің еңбектері, қаламгерлердің маңыздылығын жойған туындыларын көпшілік оқырмандарға ұсынбай қордан шығарып тастау тәртібі болды. Кезінде А.И.Солженицын, В.Максимов, В.Некрасов, А.Кузнецов, В.Аксенов, В.Войнович т.б. жазушылардың кітаптарынан кітапхана бөлімдерінің қоры тазартылып, тек бір-бір данадан кітап қорын сақтау бөлімінде қалдырылды. Бөлімде И.В.Сталиннің, Л.И.Брежневтің, Ю.В.Андроновтың, саяси бюро мүшелерінің еңбектері сақталды. Қорды сақтау бөлімі құрылмай тұрған кезде кітапханада 1938-1939 жылдары жазаға ұшырағандардан тәркіленген  кітаптар сақталған. 1953-1955 жылдары кітапханада жұмыс істеген жазушы А.Сатаев былай деп еске алады: "Олардың бәрі кітапханадағы КГБ-нің арнаулы қорына әкелініп, подвалдағы темірмен көмкерілген ағаш шкафта сақталды. Мен сонда Ермұхан Бекмахановтың Кенесары туралы қуғынға түскен кітабын таптым. Ол кезде автор 25 жылға лагерге айдалған еді. Кітап 25 дана болды".

Ең үлкен байлық – сөзсіз мерзімді басылымдар мұрағаты. Жарғыға сәйкес кітапхана мерзімді басылымдар депозитарийі болып есептеледі, сондықтан кітап сақтау бөлімі қорының 30% мерзімді басылымдар қорынан тұрады. Қорда "Правда"(1937 жылдан), "Известия" (1940 жылдан), "Индустриальная Караганда" (1939 жылдан), "Орталық Қазақстан" (1949 жылдан) газеттері; "Большевик Казахстана" (1933 жылдан), "Народное хозяйство Казахстана" (1928 жылдан) журналдары сақтаулы. Сонымен қатар жеке топтама болып сирек және құнды кітаптар бөлінген.

Қорды ұйымдастыру және оның есебін жүргізумен қатар қорды сақтау бөлімі әдебиеттерді тиімді орналастыруға байланысты үздіксіз, көп еңбек етеді. Кітаптар мен мерзімді басылымдарға жүйелі түрде жоспарлы тексерулер жүргізіледі, ескірген сұранымы аз әдебиеттер есептен шығарылып тұрады. Көп даналы әдебиеттердің артығы әскери бөлімдерге немесе еңбекпен түзеу мекемелеріне беріледі.

Қордың сақталуын қамтамасыз ету үшін бөлім жоспарлы түрде қосымша қорға  және негізгі сақтау қорына тексеру жүргізеді.

Осынша ауқымды жұмысты бөлім меңгерушісі Алма Абдуәлиқызы Абдуәлиева бастаған ұжым жүргізеді. А.Абдуәлиева кітапханадағы байырғы қызметкерлердің бірі. Ол Қарағанды мәдени-ағарту училищесін бітірген соң жолдамамен Торғай облысының Жақсын аудандық кітапханасында істеген, 1977 жылы кітапханааралық абонемент (МБА) секторына алғашқыда кітапханашы, 1985 жылдан аға кітапханашы болып қабылданды. 1999 жылы құжаттарды сақтау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Меңгерушілік қызметтегі 10 жыл мерзімде А.Абдуәлиевна бұрыннан келе жатқан көптеген проблемалық мәселелерді шешті. Негізгі міндеттерді орындау барысында ол ұйымдастырушылық, ұқыптылық танытып шешілуге тиісті мәселелерді анықтай білді. Әсіресе мерзімді басылымдар қорын қолданыстағы мерзімді басылымдар картотекасымен салыстырып тексеруде үлкен ұқыптылық танытты. Қазақ тіліндегі республикалық газеттердің реттік нөмірлерін түгендеу мақсатында осы басылымның жыл сайынғы барлық тігінділері тексеріліп шықты. Оқырмандарға қызмет көрсететін бөлімдердің қосымша қорларын суммарлық есеп кітабындағы жазумен салыстырып тексеру жүргізілді.

Ол қорды көп даналы және ескірген басылымдардан тазартып, есептен шығаруда үлкен жұмыс жүргізеді. Нағыз кітапханашы ретінде Алма Абдуәлиевна кітапхана қорының мазмұнды, сапалы болуына көп көңіл бөледі. Ол қорды сақтау проблемаларына ерекше көңіл бөледі, "Кітапхананың кітап қорының сақталуы" бағдарламасын жасауға қатысты. "Кітап" ЭК жасауға байланысты бөлімге бұрынғы әдебиеттерді енгізу үшін индикаторларды тексеру жүктелді. Бұл жұмыс нақтылы технологиялық ұйымдастырылған түрде жүргізілуде.

Оның адал еңбегі бағаланып облыстық мәдениет департаментінің Құрмет Грамотасымен, кітапхана әкімшілігінің алғысымен марапатталды.

Қазіргі уақытта құжаттарды сақтау бөлімінің қызметкерлері "Сирек кітаптар" ЭК құрумен және бұрынғы мерзімді басылымдарды "Мерзімді басылым" деректер базасына енгізумен шұғылданады.