2006 жылы 8 ақпанында, кітапхана жанынан "Жыр-Жауһар" поэзия клубы құрылған болатын. Клубтың ашылуы ақиық ақын М.Мақатаевтың 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, құтты өлкедегі қарымды қаламгерлердің басын қосқан еді. Мақсаты – өлең атты мұзарт шыңға қол созған, жауқазын жыр жазуға талпынысы бар жас таланттарды қолдау болып табылатын бұл клуб уақытпен бірге жетіліп, бірге толысып келеді.

2016 жылы қазан айында аталмыш клуб өзінің мерейлі 10 жылдық мерейтойын дүркірете атап өтті.

Клубтың алғашқы іргетасын қалап, қабырғасын құрған жас дарындардың қатарында – А.Мырзахметов, Қ.Медеубаев, Б.Амангелдиев, Н.Түсіпбекова, П.Жұмағұлованың аттары аталса, кейіннен бұл тізім М.Асан, Ж.Жанқашұлы, Р.Қабидолдин, Ж.Әлиман, Ж.Шалқар, Е.Қуатбек, Е.Ақбергенов, Ө.Еділхан, Ж.Байбұланова, А.Рақымжанова, С.Қайырбек, А.Жорабаева, К.Хасен сынды әдебиет әлеміне енді қадам басқан жас өрендермен толықты. Бүгінде бұл ортаға Е.Нарынов, Б.Ноғайбайұлы, П.Жаңғылышбаева, К.Сәулехан, Г.Сайлауқызы, Н.Жексенбай және т.б. бір топ жас толқын қаламгерлер келіп қосылды.

Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан Ұлы көштің дәуренін салып жүрген "Жыр-Жауһар" поэзия клубының бүгінгі қарқыны көңіл марқайтып, көз қуантады. Клуб мүшелері аймақта  өткізілетін барлық әдеби шараларға ат салысып, республикалық, облыстық деңгейдегі мүшәйраларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Баршаға танымал  басылым беттерінде ақындардың өлеңдері жиі жарияланып, алғашқы жыр жинақтары да жарық көруде.

Аталмыш клубтың мұрындық болуымен кітапханада көптеген әдеби шаралар өткізіледі. Қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған ақтаңгер жазушылар мен аймаңдай ақындардың мерейтойларын атап өту, жергілікті қаламгерлердің жарық көрген кітаптарының тұсаукесер рәсімдерін өткізу, әртүрлі тақырыптық сайыстар мен мерекелік кештер – мұның барлығы "Жыр-Жауһардың" дәстүрлі түрде ұйымдастыратын іс-шараларының қатарында.

"Жыр-Жауһар" поэзия клубының 2017 жылға арналған жұмыс жоспары


 
"Қыста талай қызық бар..."

29 қаңтар

Қаңтардың соңғы жексенбісі - Халықаралық  Ғаламторсыз күн

"Спорт пен өнер - егіз" деп ұрандаған "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері бұл күні  сырғанақ тебуге барып, бос уақытты тиімді әрі қызықты өткізуді жоспарлап отыр.

 

  28 ақпан

"Бір тойым болатыны сөзсіз менің..."

Әдеби-сазды кеш

ақын Төлеген Айбергеновтың туғанына 80 жыл

Кеш, қысқа ғана ғұмырында айналасын таңқалдыра, тамсандырып, жыр маржандарын жұртына сыйлаған Төлеген Айбергеновтың өлмес өлеңдерін дәріптеу, көңіл мейірін қандырып, жастықтың қайнар көзін сусындату мақсатында ұйымдастырылып отыр. Кеште клуб мүшелері ақынның өлеңдерін оқып, әндерін орындап, оған арналған өз жырларынан да  шашу шашпақ.

 

19 наурыз

 "Наурыз тойы болғанда..."

наурыз-думан

Биылғы жылы "Жыр-Жауһар" және "Әдеби қонақжай" клубтарының мүшелері Ұлыстың ұлы тойы Наурыз мейрамын бірге қарсы алуды жоспарлап отыр. Думандата ән салып, өлең оқылатын бұл мейрамда қызықты ойындар мен сайыстар да жүргізілмек.

 

14 сәуір

"Жыр-Жауһар жаққан жұлдыздар"

Кездесу

 15 сәуір – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күні

10 жылдық тарихтың куәсіне айналған "Жыр-Жауһар" клубы талай жұптарды жарастырып, қанша оттың отбасыға айналуына себепкер атанды. Қазіргі жастардың арасында кеңінен аталып жүрген "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" күніне орай, кітапхана қабырғасында табысқан жұптармен кездесу ұйымдастыру қолға алынбақ.

 

12 мамыр

"Сарыарқадан сұңқарлар самғайды"

 кездесу

Кітапханамыздың жанынан құрылған "Жыр-Жауһар" және Астана қ. ҚР Ұлттық кітапханасының "ТӘЖ" клубының кездесуі. Қос шығармашылық ортаның арасында байланыс орнатып, тәжірибе алмасу мақсатында жасалатын бұл кездесу қаламгерлерімізге тың серпіліс, жаңа идеялар бермек.

 

28 қыркүйек

"Поэзия әлемінің дарабозы"

Поэтикалық эстафета

 ақын, қоғам қайраткері М.Шаханов 75 жаста

Мерейтойына орай, "Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны" атанған, Қазақстанның халық жазушысы М.Шахановтың өлеңдерінен поэтикалық эстафета ұйымдастырылмақ. Жыр шумақтарын бірінен кейін бірі жалғастыра жатқа оқыған клуб мүшелері, ақынның сөзіне жазылған белгілі әндерді де орындайды.

 

17 қараша

"Махаббат, қызық мол жылдар..."

Әдеби диспут

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 95 жыл

ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері Ә.Нұршайықовтың оқырмандар арасында кеңінен танымал шығармасын талдап, талқылау мақсатында әдеби диспут ұйымдастыру көзделіп отыр.

 

Клубқа қызығушылық білдірген әр оқырман:

Абонемент бөлімі

Байбуланова Жадыра Төкенқызына

56-53-04 телефоны немесе

Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс. электронды мекен-жайы бойынша хабарласа алады.

 

Жасын ғұмыр – Қасым ғұмыр

Күні кеше Қарағанды қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен №92 гимназияда "Жасын ғұмыр – Қасым ғұмыр» атты қалалық қасым оқулары болып өтті. Мектеп оқушылары арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл байқауға 100-ге тарта оқушы ат салысты.

Додаға түскен 5-11 сынып оқушылары "Өзге емес, өзім айтам өз жайымда...» (Қасым Аманжолов шығармаларын жатқа оқу), "Жыры қалды жүректе жарқылдаған, Үні қалды құлақта саңқылдаған...» (Қасым өлеңдеріне шығарылған әндерді орындау), "Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...» (өз шығармашылығы) номинациялары бойынша бақ сынасты.

Алғаш рет қолға алынған бастамаға "Қасым» журналы демеушілік жасап, барлық жүлдегерлер мен қатысушыларға сыйлықтар табыстады. Арқаның адуынды ақыны Руслан Нұрбай бастаған "Жыр-Жауһар» поэзия клубының мүшелері: Мирас Асан, Жанат Жаңқашұлы, Алмаз Мырзахмет, Жәнібек Әлиман, Жадыра Байбұланова, Аян Мейраш, Ерік Нарынов, Әділет Шопен сынды бір топ ақындар аталған сайыстың құрметті қонағы ретінде шақырылып, әділқазылық жасады.

Кешке қатысушылар осындай игі шаралар жалғасын тауып, облыстық, республикалық деңгейге көтерілсе деген тілек айтып тарқасты.