Қазақстанда алғаш рет 2007 жылы бастау алған республикалық "Бір ел – бір кітап" акциясына 2018 жылға үш бірдей кітап: Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Бауыржан Момышұлы "Ұшқан ұя" және Немат Келімбетовтің "Үміт үзгім келмейді" атты хикаят – монологы таңдалынып, көпшілік оқырман назарына ұсынылған болатын. Бұл кітаптар қалың оқырманға жыл бойы насихатталуда.

Акция аясында кітапханамызда көптеген іс-шаралар жоспарланып, оқу залдары бөлімінде "Қазақстанның әдеби мұрасы" атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеге қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар үш бірдей дарынның шығармалары қойылды.

Ал, ағымдағы жылдың 18 маусым күні кітапхана қызметкерлері "Бір ел – бір кітап" акциясына таңдалған үш автордың үздік шығармаларын қала тұрғындары мен қонақтарына инфо-брейк акциясы арқылы таныстырды.

Инфо-брейк мақсаты – акция арқылы оқырмандарымыздың кітапқа деген ынталарын ояту, қызығушылықтарын арттыру, кітапхана өмірінен хабардар ету болып табылады.

Бұл ретте кітапхана жастары үш топқа бөлініп, қаламыздың бас көшесі Бұқар Жырау даңғылында орналасқан ірі сауда мекемелері, Кеншілер Мәдениет сарайы маңындағы жаяу жүргіншілерге үш жазушының өмірбаяны мен шығармалары жазылған парақшалар таратылып, акция туралы айтылды.

Осы орайда, көшедегі ересектер мен бүлдіршін жастарымыздың кітапқа деген қызығушылықтары көңіл қуантарлықтай болды. Белсенді болған жастарымыз көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, алдағы уақытта өтетін іс-шараларға қатысатындарын жеткізді.

Көпшіліктің арасында татулық белгісі байқалды. Үлкен жастағы оқырмандар көркем әдебиет пен тарихи кітаптар жайлы сұраса, жас оқырмандар қауымы психология жайында көптеген сұрақтар қойды. Студенттер тарапынан, "Акцияның мақсаты қандай?", "Немат Келімбетовтің "Үміт үзгім келмейді" кітабының орыс тілінде аудармасы барма?" деген сауалдар қойылды. Сұрақтарға толыққанды жауап берілді. Кітапхана ережелері айтылып, кітапхана сайтымен таныстырылды. Суреттер түсірілді. Акцияға таңдалған әдебиеттердің қысқаша мазмұнымен танысып, рухани дүниелері мол ақпаратқа сусындаған оқырмандар саны 123-ке тарта. Кітапхананың құнды дүниелеріне қызығушылық арттырғандары да бізді қуантты. Акция әдебиет жанашырларының еңбектерімен сондай-ақ, шығармаларымен көпшілік оқырманды таныстыруға ықпалын тигізері сөзсіз.

"Осындай іс-шараның ауқымы жылдан жылға кеңейсе, бүкіл жастарды кітап оқуға баулу оңай болатын еді" деп Бабажан есімді оқырманымыз өз ойын жеткізді. Маңайымызды қоршаған студенттер "Біз кітап оқығанды жақсы көреміз, жаңа дүниемен танысу үшін бос уақытымызда әрдайым кітапханаға асығамыз" деп ойларын білдірді. Бұл акцияны қолдаймыз деп ізеттерін айтты.

Құрметті оқырман қауым, "Бір ел – бір кітап" акциясы аясында іс-шаралар әлі де жалғасын табады. Біздің кітапханамыздың сайтынан іс-шаралар күнтізбесімен танысып, қатысыңыздар.

 Оқу залдары, кітапханашы Тусупбаева М.

Ай кітабы