"Шын мәнінде сабы да, қын-қынабы да алтын, жүзі де алмастай қылшылдаған өткір, халқымыздың нелер бір асыл семсерлерін, көктемнің ағын суы мен жазғы жаңбыр тамшысындай, халықтың маңдайынан жалт етіп шыққан жарық жұлдызындай" деп жазушы Ж.Бектұров айтқандай, тарихымыздан сүбелі орын алатын қасиетті де, тұлғалы, қажырлы көш алды тобындағылардың бірі біздің жерлесіміз – Жанайдар Сәдуақасовтың 120 жылдығы  тойлануда.

Ж.Сәдуақасовтың өмірі мен қызметі аса күрделі тарихи үдерістермен және саяси оқиғалармен сабақтасып, өрбігендіктен, жаңаша зерделеу мен зерттеуді қажет етеді. Міне, осы тарихи тұлғамыз, қоғам және мемлекет қайраткері Ж.Сәдуақасовтың туғанына 120 толуына орай кітапханамыздың оқу залдары бөлімінде "Азаттық күресінің ардагері" тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кітап көрмесінде Ж.Сәдуақасовтың өмірі мен қызметі жайында тарихы терең, мағынасы кеңінен ашылған кітаптар кітап сөресіне орналасты.

Кітап көрмесіне саяси қуғын-сүргін құрбаны Ж.Сәдуақасовтың танымдық еңбектері, мақалалары, құжаттары мен баяндамалары және таңдамалы шығармалар жинағы қойылды.

Алаш – Қазақстанның "Мәңгілік ел" ел мұратын саясат пен руханият тұрғысынан айқындаған, айшықтаған кезең атауы. Осы қиын кезеңді бастан кешірген Алаш қайраткері Жанайдар Сәдуақасұлы. Сол кезеңнің тарихи – қоғамдық, әдеби дамуын байқататын мағлұматтарды "Алаш қозғалысы" атты кітабынан оқуға болады.

Ал, көрменің тарихқа толы "Алаш. Алашорда. Энциклопедия" атты құнды кітабы ұлт теңдігін жалау етіп, қазақ халқының жарқын болашағы үшін, тәуелсіз ел болуы жолында жанын пида еткен шаһид ұлдарына – Алаш қайраткерлерінің рухына бағышталады.

Аласапыран заманмен арпалысқан, аңыз даланың ақиқатын жырлаған Жаңаарқаның абзал азаматтары хақында әсерлі жазылған "Жарқырайды Жаңаарқаның жұлдызы" атты кітабы.

Сондай-ақ, Жанайдар Сәдуақасов туралы  мерзімді басылым беттерінде жарық көрген өнегелі мақалалар және туыстары кітапханаға ұсынған естелік фотосуреттер де көрмеден орын алды.

Қазақ халқы үшін тарихи сәтте қызметке ерте араласқан Ж.Сәдуақасұлы көптеген жауапты істерді атқарған. Қазақстан тарихының талай - талай өнегелі парақтары осы кісінің есімімен тығыз байланыста болған.

Ендеше, Алаш қайраткерлері туралы мәліметтер мен басқа да тарихи сәттер қызықтырса, яғни толықтай танысқыларыңыз келсе, кітапханамыздың оқырманы болуға шақырамыз.

Тарихтан сабақ алу болашақ ұрпақ, тәуелсіз мемлекетіміз үшін өте қажет. Әр кітаптың тарихи беттерінен алған мол тағылым әрқашан өмірдің шыңына жеткізері хақ.

Оқу залдары, кітапханашы

Тусупбаева М.

Ай кітабы